ЖАҢАЛЫҚТАР
Трамп Еуроодақ тауарларына 50 пайыздық баж салығын енгізуді 9 шілдеге қалдырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен телефонмен сөйлескеннен кейін Еуропа одағынан елге келетін тауарларға 50 пайыздық тариф енгізуді 9 шілдеге қалдырды.
"Бүгін маған Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен қоңырау шалып, 50 пайыздық тариф бойынша маусымның 1-іне белгіленген мерзімді ұзартуды өтінді. […] Мен 2025 жылдың 9 шілдесіне дейін ұзартуға келістім", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Трамп Еурокомиссия жетекшісімен әңгіме "өте жағымды" болғанын айтты. Ол "келіссөз көп ұзамай басталады" деп жазды.
Фон дер Ляйен президент Трамп екеуі "жақсы" әңгіме өткізгенін X әлеуметтік желісінде жазды.
"Еуропа келіссөздерді жедел әрі батыл түрде алға жылжытуға дайын. Жақсы мәмілеге қол жеткізу үшін бізге 9 шілдеге дейін уақыт қажет", – деді ол.
АҚШ 1 маусымнан бастап Еуропа одағынан келетін көптеген тауарға 50 пайыздық тарифті күшіне енгізбек болған. Бұған дейін Трамп Еуропа одағымен тариф жайлы келіссөздер тығырыққа тірелді деп мәлімдеген еді.
- Биыл 2 сәуірде Трамп АҚШ-тың сауда серіктестерінің көпшілігінен баж алымы ұлғайтылатынын жариялаған. Мысалы, Еуропа одағынан АҚШ-қа баратын тауарларға 20 пайыздық баж салығы енгізілсе, Ұлыбритания тауарларына - 10%, ал кейбір елдердің тауарларына 40% және одан да көп мөлшерде баж салығы енгізілетінін мәлімдеген.
- 10 сәуірде АҚШ президенті 75 елден келетін тауарларға салынатын жаңа баж салығын енгізуді 90 күнге кейінге қалдырғанын, ал Қытайдан баратын тауарларға баж салығын 145% мөлшерінде бекіткенін мәлімдеді. Көп ұзамай Қытай АҚШ-тан баратын тауарларға 125% мөлшерінде баж салығын енгізетінін жариялады.
- Еуропа одағы АҚШ тауарларына 25% баж салығын енгізуді 90 күнге кейінге қалдырған.
Басқа да жаңалықтар
Ақтау соты блогер Азамат Сәрсенбаевты 20 тәулікке қамады

Ақтау қалалық соты блогер Азамат Сәрсенбаевты 20 тәулікке қамады. Сот оны жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі туралы "қасақана жалған ақпарат таратты" деп кінәлі таныған.
"Бұл бассыздық!... Атқару билігіне қарсы сөз айтқан кез келген адам енді түрмеге отыруы мүмкін. Әкімдік, полицейлер, антикор туралы айтқан кез келген адамның түрмеге қамалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл өте қауіпті" деді блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін блогер Ақтаудағы қоғамдық тамақтану орындарының біріне жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері “қолдау көрсетеді” деп пост жариялаған еді. Ол аялдама орнына “донер сататын орын” салынғанын айтқан.
Сәуірдің соңында блогер Маңғыстау облыстық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өзіне қарсы шағым түсіргенін айтқан.
Tengrinews жазуынша, 30 сәуір күнгі брифинг кезінде жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров блогер таратқан ақпарат “шындыққа сәйкес келмейді” деп мәлімдеген.
Былтыр жыл соңында Ақтауда ұшақ апаты болған кезде оқиға орнынан түсірілген суреттер жариялаған блогер Азамат Сәрсенбаев 10 күнге қамалған болатын.
Путин соғысты аяқтау үшін төрт шарт ұсынған - Reuters

Ресей президенті Владимир Путин соғысты аяқтау үшін Батыс елдерінен НАТО шығысқа қарай кеңеймейді деген "кепілдеме" алуды қалайды. Бұл туралы Reuters Кремльдің ұстанымымен таныс дереккөздеріне сілтеп жазды.
Путиннің шартында мына төрт талап бар:
- Украинаның НАТО-ға қосылмайтыны жөніндегі кепілдік. Путин НАТО шығысқа қарай кеңеймейтінін құжатпен бекіткісі келеді. Яғни, Украина, Грузия, Молдова альянсқа кірмеуі тиіс дейді.
- Украинаның бейтарап статусын мойындау. Путин Украина әскери одақтардан бас тартып, бейтарап статусын бекітуі керек дейді.
- Санкцияларды ішінара алу және Ресейдің активтерін бұғаттан босату.
- Украинадағы орыс тілді халықты қорғау. Путин Украинадағы орыс тілді халықтың құқығын қорғайтын кепілдікті де талап етеді.
"Путин бейбітшілік келісіміне дайын, бірақ өз шарттарымен" дейді дереккөз Reuters агенттігіне.
Путин өз шарты орындалмаса украиналықтар мен еуропалықтарға "бейбітшілікке келу бұдан да қиын болатынын дәлелдегісі келеді" дейді тағы бір дереккөз.
Агенттіктің дереккөздерге сілтеп жазуынша, Кремль санкцияларға қарамастан бірнеше жыл соғыса аламыз деп санайды және Путин майданда тактикалық мүмкіндіктерді пайдаланып, Украинаның аймағына тереңдей бергісі келеді.
Тағы бір дереккөз "Путин ұстанымын қатайтты. Территория бойынша компромиске дайын емес, яғни Украинада оккупацияланған төрт облысты Ресей бақылауы керек деп санайды" дейді.
Jusan Bank атауын өзгертеді

Jusan Bank атауын өзгертеді деп хабарлады банктің баспасөз қызметі.
"First Heartland Jusan Bank" АҚ атауын "Alatau City Bank" АҚ деп өзгертеді. Акционерлердің 15 мамырдағы жалпы отырысында тиісті шешім банктің жарғысына енгізілді" деп жазылған банктің хабарламасында.
Хабарламада банктің "мемлекет пен клиенттері және серіктестері алдындағы міндеттемелері сол күйі қала беретіні", ребрендинг "қызмет көрсету сапасы мен өнімге әсер етпейтіні" жазылған.
Қаржы ұйымының айтуынша, құжаттарда банктің атауы ол қайта тіркеуден өткеннен кейін өзгереді.
Ақпаратқа қарағанда, Jusan Bank қазір акционерді ауыстыру мәселесі бойынша қаржы нарығын реттеу агенттігінің шешімін күтіп отыр.
Бұған дейін кәсіпкер, Kaspi акционерлерінің бірі Вячеслав Ким (Forbes оны Қазақстандағы ең бай адам деп атап, байлығын 7,1 миллиард долларға бағалаған) агенттікке Jusan Bank-тің жәй акцияларының 97,5% сатып алу туралы өтініш берген. Бұл жөнінде биыл ақпан айында белгілі болды. 2025 жылдың 1 сәуір күнгі жағдай бойынша банкке тіке (20,11%) және First Heartland Securities (79,89%) арқылы кәсіпкер Ғалымжан Есенов иелік етеді. Forbes журналы құрастырған ең бай қазақстандықтардың тізімінде ол 19-орында тұр.
Мәжіліс некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулерді мақұлдады

28 мамырда парламенттің төменгі палатасы некеге мәжбүрлеу, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулерді қарап, екінші оқылымда мақұлдады.
Депутаттар Қылмыстық кодексті жаңа бап – "Некеге мәжбүрлеу" 125-1 бабымен толықтыруды ұсынды. Бастапқыда жобада қыз алып қашу ұғымы қарастырылса, қазір оның орнына "Некеге мәжбүрлеу" ұғымы қолданылып жүр. Жәбірленуші әйел адам да, ер адам да болуы мүмкін.
Түзетулерге сәйкес, мұндай қылмыс түрін жасағандарға айыппұл, қоғамдық жұмыс, бостандықты шектеу, сонымен бірге 2 жылға дейін бостандықтан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер күш қолданылған жағдайда және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасалса немесе топ болып жасалғаны анықталса немесе қызметтік өкілетті пайдаланылғаны дәлелденсе, түрме жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін. Ұрланған адамды өз ерікпен босату да кінәліні қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Ал сталкинг бойынша ең жоғарғы жаза – 50 тәулікке қамау.
"[Сталкинг үшін] Айыппұл қарастырылған және ең жоғарғы жаза 50 тәулікке қамау. Бұл қылмысқа емес, қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты. Оны құқық қорғау органдары дәлелдейді, жәбірленуші арызбен ішкі істер органдарына хабарласса болғаны, содан кейін полиция тергеу жүргізеді" деді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Былтыр желтоқсанда мәжілісте депутаттар қыз алып қашу мәселесін талқылап, 2023 жылы 13 қызды алып қашқан, 2024 жылғы сегіз айда Түркістан облысында осындай 18 оқиға болған деп айтқан еді.
Қазақстанда қызды еркінен тыс алып қашуға байланысты іс-әрекеттер "Адам ұрлау" бабы бойынша сараланады, ал құқық қорғаушылар мен фем-белсенділер сталкинг деп сипаттайтын іс-әрекеттер бойынша полицияға арыз берілсе, көбіне "ұсақ бұзақылық" ретінде қарастырылады.
Қазақстанда некеге отыру үшін қызды еркінен тыс алып қашқандар мен сталкинг бойынша ресми статистика жүргізілмейді.
Politico: АҚШ студенттік виза алу кезіндегі сұхбаттасуды тоқтатады

Дональд Трамп әкімшілігі студенттік виза алу кезіндегі жаңа сұхбаттасуларды тоқтатуға бұйрық берді. Әкімшілік виза алушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларын тексеруді кеңейтуді қарастырып жатыр деп жазды құжатқа сүйенген Politico басылымы. Аталған дипломатиялық депешаны АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио АҚШ-тың әлем елдеріндегі елшіліктеріне таратқан.
Дегенмен әлеуметтік желіні тексеру қандай мақсатта жүргізілетіні белгісіз. Politico-ның жазуынша, егер Трамп әкімшілігі аталған жоспарды жүзеге асырса, бұл студенттік визаларды қарастыру мерзімін бәсеңдетуі мүмкін және қаржылай жағынан шетел студенттеріне тәуелді көп университетке әсер етуі ықтимал.
Әкімшілік бұған дейін де әлеуметтік желіні тексеру бойынша белгілі бір талаптарды енгізген. Алайда ол көбіне Израильдің Газа секторындағы әрекетке қарсы наразылық шараларына қатысқан АҚШ-қа оралған студенттерге қатысты болған.
Әкімшілік сонымен бірге Гарвард сияқты ірі элиталық университеттерге бақылауды күшейту қадамдарын қарастырып жатыр. Трамп әкімшілігінің пікірінше, олар "тым еркінсіп", өзінің кампустарында антисемитизмге жол береді. Бұған қоса, көші-қонды бақылау шаралары да күшейген, оның аясында кейбір шетел студенттері ұсталған.
Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан қазақстандық "әскерден қашқаны үшін" 6 жылға сотталды

Ресейдің Магнитогорск гарнизондық әскери соты "әскерден қашты" және "шекараны заңсыз кесіп өтпек болды" деп айыпталған Қазақстан азаматын 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде "Медиазона" жазды.
Тергеу органдарының айтуынша, ер адам 2024 жылы қыркүйекте Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған. Ақшасын алғаннан кейін мотоцикл сатып алып, Қазақстанға жақын Челябинск облысы Верненский ауданына барған. Шекараны кесіп өтпек болған кезде оны ФСБ-ның шекара басқармасының қызметкерлері ұстаған.
Сайттың жазуынша, оның аты-жөні аталмайды. Журналистер сот сайтында сол баппен сотталған бір адамның карточкасын тапты. Оның аты-жөні Сергей Соколов.
Биыл сәуірдің басында "Хочу жить" жобасы Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысқан немесе қатысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін жариялаған. Онда 661 адамның аты-жөні бар. Жоба мәліметіне сүйенсек, 2024 жылдың аяқ шеніндегі дерек бойынша, осы тізімдегілердің кемінде 78-і тірілер санатында жоқ деп есептелген. Бұған дейін Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха журналистерге "Хочу жить" жобасы жариялаған тізімді әуелі "тексеру қажеттігін" айтқан еді.
Қазақстан заңы азаматтарға шетелдегі соғыс немесе қақтығыстарға қатысуға тыйым салады.
2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.
Qaznews24 паблигінің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебектің үкімі өзгеріссіз қалды

27 мамырда Алматы қалалық соты Qaznews24 сатиралық паблигінің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебектің апелляциялық шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл жөнінде Азаттық Азия хабарлады.
Сот отырысы онлайн WhatsApp арқылы өтті. Қорғау жағы сотты офлайн өткізу туралы өтініш берді, алайда өтініш орындалмады.
27 мамырда прокурор сот үкімін 5 жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу туралы пунктпен толықтыруды өтінді. Ол үкімнің қалған бөлігін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Ал адвокат Жанар Балғабаева “бірінші инстанциядағы сотта кеткен қателіктерге” назар аударды.
“Қылмыстық істі сот процесінде үш күн ішінде қарағанын алғаш рет көрдім. Куәларды сұрау, соңғы сөз бен үкім бір күнде болды. Бізге айғақтарды беруге уақыт берілген жоқ. Судья сот төрелігін жүзеге асыруда тәуелсіз болмады, заңсыз және негізсіз шешім шығарды” деді Жанар Балғабаева.
Биыл 11 сәуірде Алматының Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен де айналысуға тыйым салған. Оны “араздық қоздыру” бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Айыптау тарабының айтуынша, Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған". Прокурордың сөзінше, Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.
Ал Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Ол үкімді “тым қатаң” деп бағалаған. Ол сот кезінде жазбасы орыс этносына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық ретінде соғыстан кейін танымал болып кеткенін айтты. "Менің жақсы көретін қызым мен достарым – орыстар, оларды қалай жек көруім мүмкін?" деді ол.
Апелляция кезінде Темірлан Еңсебек істің саясиланғанын айтып, өзін ақтауды сұрады.
Келлог: Трамп, Путин және Зеленский Женевада кездесуі мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Кит Келлог Дональд Трамп, Владимир Путин және Владимир Зеленскийдің кездесуі Женевада өтуі мүмкін деп мәлімдеді. Ол бұл жөнінде Fox News телеарнасының эфирі кезінде хабарлады.
Кит Келлогтың сөзінше, АҚШ Украина жағынан атысты тоқтату шарттары жазылған құжат алған, енді соған ұқсас құжатты Ресей жағынан күтіп отыр.
"Бір аптадан астам уақыт бұрын президент Трамп Путинмен сөйлескен кезде ресейліктер меморандум әзірлейтінін айтқан. Мен оны шарттар тізбесі деп атап жүрмін. Мұндай құжатты Украина жағынан алдық. Енді ресейліктерден алу керек" деді Келлог.
Оның сөзінше, Америка жағы кездесуді Ватиканда өткізгісі келгенмен ресейліктер ол жаққа барудан бас тартқан.
"Сондықтан Женева келесі ықтимал орын ретінде қарастырылып отыр, құжатты келісіп, соғысты аяқтау үшін ол жаққа үш басшы – президент Трамп, президент Путин және президент Зеленский баруы мүмкін" деді Кит Келлог.
Үш жақты саммиттің мерзімі мен форматы әзірге ресми түрде рассталған жоқ.
Еуроодақ қорғаныс өнеркәсібіне 170 млрд доллар инвестиция құюды мақұлдады

Еуропа одағының кеңесі SAFE қорғаныс өнеркәсібіне 150 миллиард еуроға (170 миллиард доллар) дейінгі көлемде инвестиция құю бағдарламасын мақұлдады. Бұл туралы 27 мамырда жарияланған ақпаратта айтылған.
Бағдарлама Еуроодақтың қорғаныс қабілеті үшін аса маңызды саналатын инфрақұрылымдарды қорғауды және қару-жарақ пен оқ-дәрілер өндіруді қаржыландыруды көздейді. Қаржыландыру тек Еуроодаққа мүше елдермен шектелмейді – Украина, Ұлыбритания, Исландия, Лихтенштейн және Норвегия сияқты басқа мемлекеттер де қаражат алуға үміткер бола алады.
Қаржы оқ-дәрі, зымыран, артиллерия жүйелерін, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін, дрон өндірін, жасанды интеллектіні дамытуға және ғарыш өнеркәсібін қолдауға бағытталады. Өнімнің басым бөлігі Еуропа одағы аумағында өндірілмек.
SAFE бағдарламасы – Украинада соғыс жүріп жатқан шақта және АҚШ шетелдердегі әскерін қысқартуға ниеттеніп отырған кезде Еуроодақ елдері қабылдаған ауқымды қайта қарулану жоспарының алғашқы кезеңі. Бұл қайта қарулану бағдарламасының жалпы құны бірнеше жыл ішінде 800 миллиард еуроға (908 миллиард доллар) дейін жетуі мүмкін.
Адвокат: Мансур Мовлаев саяси себеппен қуғындалып жатқанына дәлеліміз бар

Қазіргі кезде Алматының тергеу абақтысында қамауда отырған Шешенстан азаматы Мансур Мовлаевты Ресей билігі саяси себептермен қуғындап отыр деді оның адвокаты Мұрат Адам Азаттыққа.
Ресей билігі іздеу жариялаған Мансур Мовлаевты мамыр айының ортасында Алматыда полиция ұстап, тергеу сотының шешімімен ол 40 күнге қамауға алынған. Полиция Мовлаевтың ісі бойынша түсініктеме берген жоқ. Тергеу соты кезінде оны қорғаушылар егер Мовлаев Шешенстанға экстрадицияланса, оның өміріне қауіп төнетінін алға тартқан.
Қазақстан өзі ратификациялаған халықаралық құжаттардың – Босқындар мәртебесі туралы Конвенция, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт пен БҰҰ қабылдаған Адам құқықтары мен бостандықтарының жалпыға ортақ декларациясының талаптары бойынша, пана іздеуші тұлғаны басқа елге экстрадициялаудан бас тартуға міндетті.
Адвокат Мұрат Адамның айтуынша, қамауда отырған Мовлаев Қазақстаннан өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған. Қазақстан билігі Мансур Мовлаевты пана іздеуші тұлға ретінде тіркеп, тиісті куәлік берген.
– Бұл куәлік Мансурға босқын құқығы берілді дегенді білдірмейді, бұл тек бастапқы кезең, яғни оның мәселесі әлі босқындар мәселесі жөніндегі комиссия тыңдауында қаралып, талқыланады, – деді адвокат.
Құқық қорғаушылар Мовлаевқа босқын мәртебесін алуға қажет барлық тиісті құжаттарды жинастырғанын айтты. Алдағы уақытта Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы уәкілетті орган босқындар ісі жөніндегі комиссия отырысын өткізеді. Мемлекеттік орган тыңдау өтетін уақытты алдын ала хабарлауға тиіс деді Адам Мұрат.
– Тыңдауға қазіргі кезде тергеу изоляторында отырған Мансурдың өзі де тікелей қатысуға тиіс. Әдетте қамауда отырғандарды тыңдауға онлайн қатыстырады, бұл жолы да сөйтуі мүмкін. Біз жинаған құжаттарда Мансур Мовлаевтың саяси себептермен қуғын-сүргінге ұшырағаны нақты дәлелденген. Бізде ондай деректер бар және оларды заңды түрде негіздеп бере аламыз, – деді адвокат Мұрат Адам.
"Кавказ.Реалии" сайтының дерегінше, Мансур Мовлаев 2018 жылы Ресей құрамындағы Шешенстан республикасын электрмен қамтамасыз ететін "Шешенэнерго" компаниясында инженер болып істеген. Кей ақпарат құралдары мен шешен оппозиционерлерінің жазуынша, 2020 жылы Мовлаев "республика билігін сынағаны үшін" үш жылға түрмеге кесілген. Алайда ол нақты қандай баппен сотталғаны белгісіз. Редакция журналистері сот сайтынан ол жөніндегі сот үкімін таба алмаған.
2022 жылы қамаудан шартты түрде босап шыққан Мовлаевты сол жылы тамызда шешен полициясы қайта ұстап, құпия түрмелердің біріне қамаған деп айтылады. Мовлаев ол жақтан қашып кетіп, Қырғызстанға жеткен. Ресейде оған экстремизм бабы бойынша іздеу жарияланған деп айтылады. Мовлаев былтыр Ресейге экстрадициялау қаупі төнгенін айтып, Қырғызстаннан кеткен.
Еуроодақ Қытай Ресейге салынған санкциялардың көп бөлігін айналып өтіп отыр деп сезіктенеді

Еуропа одағы Ресейге қарсы санкцияларды айналып өту әрекеттерінің 80 пайызына Қытайдың қатысы бар деп күдік келтіреді. Бұл жөнінде Германия сыртқы істер министрлігінің жабық есебінде айтылған деп хабарлады Süddeutsche Zeitung газеті мен NDR және WDR телеарналары.
Құжат 20 мамыр күні Брюссельде өткен Еуроодақ сыртқы істер кеңесінің отырысының қорытындысын түйіндеген. Ол жиында Ресейге қарсы санкциялар режимін кеңейту мүмкіндіктері және бұрын қабылданған шаралардың тиімділігі талқыланған.
Құжатқа сәйкес, Еуроодақ санкциялар Ресей экономикасына айтарлықтай әсер еткен деп есептейді. Тасадағы флотпен күресте белгілі бір жетістіктерге қол жеткені айтылған. Еуроодақтың санкциялар жөніндегі комитетінің төрағасы Дэвид О'Салливан ондай кемелер жиі пайдаланып жүрген Түркия, Үндістан және Малайзия порттарына қарсы санкция енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған.
Брюссель Ресейге әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлардың үшінші елдер арқылы экспортын шектеу бағытында "кейбір жетістіктерге" жеткен. Атап айтқанда, Армения, Сербия, Өзбекстан және Үндістан бағытындағы экспортқа байланысты нәтиже бар. Алайда, Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркияға келсек, қиындықтар әлі бар деп жазылған құжатта.
Есепте Еуроодақ Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге қарсы күресте АҚШ-тың қолдауына арқа сүйей алмайтыны айтылған. Бұл мәселеге байланысты келіссөздер сәтсіз аяқталған.
Құжатқа сәйкес, О’Салливан Еуроодақ пен АҚШ арасында санкциялар режимі бойынша ешқандай бірлескен байланыс қалмағанын растаған. Сондай-ақ, G7 елдерінің жаңа шектеу шаралары бойынша ынтымақтастығы бұрынғы "қарқыннан айырылғанын" атап өткен.
БАҚ: Трамп Ресейге қарсы жаңа санкция енгізуді қарастырып жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп осы аптада Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп жазды Wall Street Journal басылымы Трамптың төңірегіндегі дереккөздерге сүйеніп.
Басылымның мәліметінше, талқыланып жатқан шаралар арасында Ресейдің банк секторына қосымша санкциялар салу қарастырылмаған. Жаңа санкциялардың мақсаты – Ресей президенті Владимир Путинді ымыраға келуге, соның ішінде АҚШ президенті талап етіп отырғандай, атысты отыз күнге тоқтатуға келісуге мәжбүрлеу. Жаңа санкциялар бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, Дональд Трамп бұл идеядан бас тартуы да мүмкін.
25 мамыр күні президент Трамп Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін сөзсіз қарастыратынын мәлімдеп, Ресей президенті Владимир Путинді сынға алған. Ол Ресей басшысының әрекетін түсінбейтінін айтты.
"Біз келіссөз жүргізіп жатқан шақта, ол Киев пен басқа қалаларға зымыранмен шабуыл жасады. Бұл маған мүлде ұнамайды", – деді АҚШ президенті. Ол мұны Ресей әскері Украина қалаларын жаппай атқылағаны жайлы ақпарат тарағаннан кейін айтты.
Wall Street Journal басылымының жазуынша, бірнеше апта бойы Трамп Путинге атысты тоқтатудан бас тартқаны үшін қысымды күшейту қажеттігі жөніндегі үндеулерге құлақ аспай келген. Америкалық ресми тұлғалардың айтуынша, Трамптың басты уәждерінің бірі – ол Путинді жақсы танитынына сенімді болған. Сондықтан ол Ресей басшысы маған жасаған жақсылығы ретінде соғысты тоқтатуға келіседі деп ойлаған. Алайда өткен аптада Путинге телефон шалып, екеуі екі сағаттан артық сөйлескеннен кейін АҚШ президентінің пікірі өзгере бастаған. Сол жолғы әңгіме барысында Путин Украинамен бітімге келуге дайын емес екенін аңғартқан.
Сонымен қатар, АҚШ конгресінің сенатында Трамптың одақтасы, республикашыл сенатор Линдси Грэм мен демократ сенатор Ричард Блументаль ұсынған заң жобасы қаралып жатыр. Бұл жоба Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды және Ресейден мұнай, газ және уран сатып алған елдерден келетін өнімдерге жоғары кедендік баж салығын енгізуді көздейді. Сенат мүшелерінің басым көпшілігі бұл бастамаға қолдау білдіріп отыр.
Путин Zoom және Microsoft сынды шетелдік IT-сервистерді "тұншықтыруды" талап етті

Ресей президенті Владимир Путин, Ресей нарығынан кететінін мәлімдесе де, осы елден әлі де табыс тауып жатқан шетелдік IT-компанияларды "тұншықтыруға" шақырды.
"Оларды тұншықтыру керек. ... Мұны еш қымсынбастан айтып отырмын, себебі олар бізді тұншықтырғысы келеді, біз де солай жауап қатуымыз керек. Бар болғаны сол. Біз ешкімді қуған жоқпыз, ешкімге кедергі келтірген жоқпыз, керісінше, оларға нарығымызда жұмыс істеуге барынша қолайлы жағдай жасадық. Ал олар бізді тұншықтырмақшы. Бізден де дәл сондай жауап болу керек", – деді Путин 26 мамыр күні Кремльде кәсіпкерлермен кездесуде.
Путин мұны Iva Technologies компаниясының бас директоры Станислав Иодковскийдің сөзін бөліп жіберіп айтты. Иодковский өз сөзінде Ресейден кеткен, бірақ әлі күнге дейін жұртқа қызметін ұсынып отырған Zoom мен Microsoft сынды сервистердің жұмысын "аз-мұз шектеуді" сұраған еді.
"Мысал келтірейін: кейбір сарапшылардың болжамынша, Ресейде осы сервистердің әлі де жұмыс істеп жатқанының салдарынан бұл сала миллиардтаған шығын шегеді", – деді Иодковский.
Путин ресейліктердің Батыстың бағдарламалары мен сервистеріне "байлануын" "зиян әдетке" теңеп, Ресейдегі қолданушыларды ондайдан арылтуды талап етті.
Бұған қоса, Путин шетелдік маркетплейстерге де назар аудару қажеттігін айтты. Бұл платформалар Ресейге "не болса соны, кез келген мөлшерде" жеткізе алады деді ол. Путиннің сөзінше, ресейлік өнімдердің орнына шеттен әкелінген құрал-жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік беретін "айла-амалдар" жойылмайынша, Ресейде "өзіміздің дымымыз болмайды".
Ол сондай-ақ Ресей нарығынан кеткен "Макдональдс" мейрамханалар желісінің орнына ашылған "Вкусно – и точка" дәмханалар желісіне баруға уәде берді. Егер "Макдональдс" қайта оралғысы келсе, Ресей оны "қызыл кілем төсеп" қарсы алмайды деді Путин.
Уиткофф ХАМАС оның атысты тоқтату жөніндегі ұсынысын қабылдады деген сөзді терістеді

АҚШ-тың Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф палестиналық ХАМАС радикал тобы (АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған) Газа секторында атысты тоқтату туралы ұсынылған шарттарға келісті деген ақпаратты жоққа шығарды.
Бұған дейін Reuters агенттігі аты-жөні аталмаған, ХАМАС тобына жақын палестиналық шенеуніктің айтқанына сүйеніп, ХАМАС Газа секторында атысты тоқтату жайлы Уиткоффтың ұсыныстарына келісім берген деп хабарлаған еді.
Reuters агенттігі сүйенген әлгі шенеуніктің сөзінше, Уиткоффтың ұсынысына сәйкес, ХАМАС 2023 жылдың 7 қазанынан бері кепілде ұстап отырған көзі тірі он израильдік тұтқынды екі кезеңде босатуға тиіс болған. Мұның қарымы ретінде Газа секторында 70 күнге атысты тоқтату режимі енгізіліп, Израиль сектордан әскерін ішінара әкетеді және Израиль түрмелеріндегі жүздеген палестиналықты босатады деген еді ол.
Ал Уиткофф болса, ХАМАС-қа атысты тоқтату жөнінде ондай ұсыныс жасамағанын мәлімдеген.
Reuters-тің хабарлауынша, Израиль өкілі бұл жоспарды қабылдауға келмейтін ұсыныс ретінде бірден жоққа шығарған және ондай жоспар Уиткоффтың шын мәнінде ұсынғандарымен сәйкес келмейтінін айтқан.
Мұның алдында, 2024 жылдың қаңтарында Израиль мен ХАМАС арасында жасалған атысты тоқтату туралы келісім биыл 18 наурызда бұзылған еді. Оған ХАМАС тобының қолында қалған барлық тұтқындарды дереу босату туралы талапты орындаудан бас тартуы себеп болды. Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) бағалауынша, қазіргі таңда ХАМАС-тың қолында кепілге алынған адамдардың шамамен 50-ге жуығы қалып отыр, олардың тек 21-і тірі деп есептеледі.
ХАМАС бұған дейін Израиль әскерін Газадан толық әкеткен жағдайда, кепілде ұстап отырған адамдарды босатып, атысты біржола тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы соғыс тек ХАМАС ұйымы толық жойылғаннан кейін ғана аяқталуы мүмкін деген.
Мерц: Украинаға өте алыстағы нысананы атуға шектеу қойылмайды

Батыс елдері Украинаға берілген қару-жарақтан алыс қашықтағы нысаналарды атуға қойылған шектеуді алып тастады. Бұл жаңалықты Германияның жаңа канцлері Фридрих Мерц WDR телеарнасы эфирінде мәлімдеді.
"Украинаға берілетін қару-жарақтан алыстағы нысананы атуға енді британдар да, француздар да, біз де шектеу қоймаймыз. Сол сияқты америкалықтар тарапынан да шектеу жоқ", – деді Мерц.
Оның сөзінше, бұл Киев "мысалы, Ресейдегі әскери нысандарға шабуыл жасау арқылы өзін қорғай алады" дегенді білдіреді.
Мерц бұған дейін бірнеше рет Украинаға әскери көмекті ұлғайтуға шақырған, соның ішінде алысқа ұшатын "Таурус" қанатты зымырандарын беруді ұсынған. Алайда Киевке ондай зымыран беруге бұрынғы канцлер Олаф Шольц басқарған үкімет қарсы болған.
"Мен әрқашан мұны [Украинаға Taurus зымырандарын беруді] еуропалық серіктестермен келісілген жағдайда жасар едім деп айтып келемін," – деді Мерц. Германия канцлері атап өткендей, Батыстың кей елдері Украинаға алысқа ұшатын зымырандар жеткізуді әлдеқашан бастаған.
Бұған дейін Германия үкіметі Украинаға берілетін жаңа әскери көмек пакеттерінің мазмұнын егжей-тегжейлі жарияламау жөнінде шешім қабылдаған еді. Мерц Германия Украинаға "Таурус" зымырандарын жібергенін я жібермегенін нақтыламады.
Мерцтің мәлімдемесіне байланысты пікір білдірген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков:
"Егер ондай шешім расымен қабылданса, бұл біздің саяси жолмен реттеу мақсатына қайшы келеді," – деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР